Парламент • 10 Қараша, 2017

Сенатта Қазақстанға инвестиция тарту мәселелері талқыланды

360 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Сенатта Мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауын іске асыру аясында «Қазақстан Республикасының экономикасына инвестициялар тартудың өзекті мәселелері» тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысы болды, деп хабарлады Парламенті Сенатының Баспасөз қызметі.

Сенатта Қазақстанға инвестиция тарту мәселелері талқыланды

Парламент депутаттары, орталық мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардың өкілдері елімізге инвестиция тартудың жай-күні мен келешегі туралы мәселелерді қарады.

Сенаттың Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитетінің төрағасы Асқар Бейсенбаев Президент Жолдауында Қазақстан шетелдік инвестицияны тартуда, оның ішінде «Астана» халықаралық қаржы орталығы аясында қаржы ресурстарын тарту есебінен аймақтағы көшбасшы қалпын сақтау міндетін алға қойғанын атап өтті.

А. Бейсенбаев халықаралық ынтымақтастық аясында ұлттық экономикалық мүддені қорғау мен ілгерілетуді қамтамасыз етуге, ол үшін «экономикалық дипломатияға» серпін беруге шақырды. Сенатор шетелдік инвестицияны тартуда басшылар мен әкімдердің жауапкершілігін арттыру, сондай-ақ инвестициялық ахуалды жақсартуға және инвесторларға арналған бюрократтық рәсімдерді оңайландыруға арналған заң ережелерін қабылдау туралы айтты.

А.Бейсенбаев инвестициялық жұмыстарға арналған құқықтық базаны қамтамасыз ету үшін Парламент соңғы жылдарда Кәсіпкерлік кодексін, «Арнайы экономикалық аймақтар туралы», «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы» және басқа да заңдарды қабылдағанын айтты.

Инвестициялар және даму министрінің орынбасары Ерлан Хаиров еліміздің Ұлттық банкінің мәлеметтері бойынша Қазақстанның экономикасына 2005 жылдан бастап 2017 жылғы алғашқы жарты жылдығына дейін 253,9 миллиард доллар тікелей инвестиция келгенін баяндады. Бұл ретте 2017 жылдың алғашқы жарты жылының қорытындысы бойынша шетелдік тікелей инвестицияның жалпы көлемі 10,5 миллиардты құрады, ол 2016 жылғы осы кезеңмен салыстырғанда 8,6 пайызға көп болып отыр.

Одан басқа, «Үшінші жаңғыру» міндеттеріне сәйкес, Инвестициялар және даму министрлігі шетелдік тікелей инвестиция көлемін арттыру үшін Дүниежүзілік банкінің сарапшыларымен бірлесе отырып, 2017-2022 жылдарға арналған Ұлттық инвестициялық стратегия әзірлеп, қабылданған болатын. Осы стратегияға сәйкес, 2022 жылға қарай шетелдік тікелей инвестиция ағынын 1,26 есеге ұлғайту, тиімділікке бағдарланған шетелдік тікелей инвестицияны 1,5 есе ұлғайту көзделіп отыр. 2022 жылға жоспарланған шетелдік тікелей инвестицияның жалпы көлемі 122 миллиард долларды құрайды.

Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді СІМ-нің инвестициялық ынтымақтастық саласындағы жұмысы туралы хабардар етті. М.Тілеубердінің айтуынша, үкіметтің экономикалық бөлігімен бірлесе отырып, жауапкершілік аймақтарын белгілеумен қатар инвестициялық және экспорттық бағыттар бойынша өзара іс-қимыл тетіктері әзірленіп жатыр. Барлық мемлекеттік органдар мен сыртқы саладағы ұйымдардың қалыпты жұмысын үйлестіру үшін «байланысатын бірінші адам» маңызды рөлін атқаратын шетелдегі мекемелер мен шетелдік бизнес қауымдастығымен «байланыстыратын буынмен» қоса СІМ-нің барлық әлеуеті іске қосылды. Атап айтқанда, шетелдік инвестиция тарту жөніндегі жұмыстарды күшейту үшін халықаралық салада басымдыққа ие елдердегі Қазақстан елшіліктерінде инвестициялар жөніндегі кеңесшілер тағайындау туралы Мемлекет басшысының тапсырмасы жүзеге асырылуда.

Ұлттық экономика министрінің орынбасары Айбатыр Жұмағұловтың сөзінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамыту және оның инвестициялық саламен байланысы, «Самұрық-Қазына» компанияларын жекешелендіру және сыртқы инвесторларды тарту үшін ІРО-ға шығару мәселелері қозғалды.

Қаржы министрінің орынбасары Руслан Бекетаев Қазақстан Дүниежүзілік Банкінің «Doing Business 2017» рейтингінде 16 сатыға көтеріліп, 35-ші орынға ие болғанын хабарлады. Еліміз «Doing Business 2016-да» 51-ші орын алған болатын.

Р.Бекетаевтың айтуынша, инвесторларды қолдау үшін салық және кеден рәсімдерін жақсартудың, бизнеске әкімшілік қысымды төмендетудің бірқатар шаралары қабылданып жатыр. Жаңа Салық кодексін, «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» кодексін қабылдау, сондай-ақ Еуразиялық Экономикалық Одақтың Кеден кодексін ратификациялау Қазақстан экономикасына инвестиция тартуға серпін беретін болады. Бұл құжаттарға сәйкес, салық тексерулерінің саны азайып, қосымша құн салығын қайтару рәсімі оңтайланады, кедендік әкімшілендіруді сандық негізге көшіру жүзеге асырылады.

Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ үкіметпен өзара іс-қимыл жөніндегі басқарушы директоры Нұрлан Рахметов, «Қазақстан даму банкі» АҚ басқарма төрағасы Болат Жәмішев, «ҚазақИнвест» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Мейіржан Майкенов сөз сөйледі.

Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға жіберілетін ұсыныстар қабылданды және олар бұдан былайғы заң шығару жұмыстарында ескерілетін болады.